
Алматы қаласында Абай даңғылы мен Жароков көшелерінің қиылысында жол қозғалысы екі күнге шектеледі. Өйткені осы маңда газ құбырының өткелі салынады.
Құбыр тарту жұмыстары 1 тамызда таңғы сағат сағат 06:00-де басталып, 2 тамызда сағат 24:00-ге дейін жалғасады. Соған байланысты автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
«Жұмыстар қаланың газбен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға және оны одан әрі дамытуға бағытталған», – деп түсіндірді қала әкімдігі.
Мегаполис билігі Алматы тұрғындары мен қала қонақтарынан жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды, уақытша енгізілген шектеуді ескеруді сұрайды. Бұған қоса уақытша жол белгілерінің талаптары мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлердің нұсқауларын сақтау қажет.
Бұл уақытта Алматыдағы бұрынғы трамвай депосының орнына амфитеатры бар кешен салынатын болды.