Жаңалықтар

Алтын өндіруді арттырған Solidcore Resources-тың табысы үш есе өскен

Solidcore Resources түсімі артты / Фото: shutterstock

Solidcore Resources (бұрынғы Polymetal International) алтын компаниясы 2026 жылдың екінші тоқсаны мен бірінші жартыжылдықтағы өндіріс нәтижесін жариялады. Түскен табыс үш еседей өсіп, өндіріс көлемі де артты. Дегенмен Ресейден алтын құйма тасымалдауда уақытша кедергілер пайда болған.

Түсім көлемі өсті

2026 жылдың алғашқы алты айында Solidcore компаниясының түсімі 199%-ға өсіп, 972 миллион долларға жетті. Салыстырмалы түрде, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 325 млн доллар болған еді. Екінші тоқсанның өзінде компания 369 млн доллар түсім алды. Бұл өткен жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 71%-ға артық.

Табыстың бұлай өсуіне бірнеше фактор әсер етті. Негізгі себеп – өндіріс пен сату көлемінің артуы және әлемдік нарықтағы алтын бағасының жоғары болуы.

Жартыжылдықта компания алтын баламасында 210 мың унция өнім өндірді. Бұл өткен жылғы деңгейден 71%-ға жоғары. Ал екінші тоқсандағы өндіріс бірінші тоқсанмен салыстырғанда 56%-ға өсіп, 86 мың унцияны құрады. Сатылым көлемі де екі есе өсіп, 205 мың унцияға жетті.

Кен орындарындағы жағдай

Алты айда кен орындарынан тікелей өндірілген металл көлемі 3%-ға азайып, 267 мың унцияны құрады. Алайда бұған дейін жинақталған концентратты басқа кәсіпорындарда қайта өңдеу жұмыстары жанданып, жалпы өндірістің өсуін қамтамасыз етті.

Негізгі өсім Қызыл кен орнына тиесілі. Мұнда өндіріс көлемі 159%-ға өсіп, 47 мыңнан 122 мың унцияға дейін көбейді. «Варваринское» кен орнында да өндіріс 17%-ға өсіп, 88 мың унцияға жетті. Оған терең қабаттардан алынған кендегі алтын үлесінің мол болуы әсер еткен.

Ресейден құйма жеткізу қиындады

Ресей президентінің мамыр айындағы жарлығымен алтын экспорты ережелері өзгерді. Осыған байланысты Амур комбинатында өңделген «Доре» құймасын Қазақстанға жеткізу мамырдың аяғынан шілденің басына дейін тоқтатылған.

Бұл шектеу Ресейдегі кәсіпорында дайын металл қорының жинақталуына әкелген.

Шілде айының басында Доре құймасын Қазақстанға жеткізу қайта жанданды. Компания жинақталған қорды жыл соңына дейін өткізіп, жылдық 540 мың унция өндіріс жоспарын орындауды көздеп отыр.

Бұған дейін Solidcore Resources Оманда алтын мен мыс іздейтіні хабарланған болатын.