Жаңалықтар

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Daryn.online платформасына қатысты тексеруді аяқтады

Daryn.online
Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Daryn.online платформасына қатысты тексеруді аяқтады / Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Жасанды интеллект министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті «Daryn.online» білім беру платформасында пайдаланушылардың дербес деректерінің тарап кеткені туралы ақпаратқа байланысты жоспардан тыс тексеруді аяқтады.

Тексеріс қорытындысы бойынша, желіде жарияланған 4,2 миллион жазбаның таралу фактісі расталған жоқ. Министрліктің мәлімдеуінше, платформаның жүйесінде жалпы саны 90 мыңнан астам ғана жазба сақталған, сондықтан мұндай көлемдегі деректің әшкереленуі мүмкін емес.

Дегенмен, тексеру барысында заңнама талаптарын бұзу және деректерді қорғау шараларын тиісінше орындамау фактілері анықталды. Осыған байланысты «Daryn.online» ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жеке сектордағы өзге де компанияларға дербес деректерді қорғау заңын қатаң сақтауды ескертеді. Негізгі талаптар:

  • Деректерді тек пайдаланушының келісімімен және қажетті көлемде ғана жинау;
  • Ақпаратты қорғауға жауапты тұлғаны тағайындау және ішкі ережелерді бекіту;
  • Жүйеге кіру құқықтарын шектеп, қауіпсіздік журналдарын жүргізу;
  • Деректер базасын тек Қазақстан аумағында сақтау;
  • Деректердің қауіпсіздігі бұзылған жағдайда, бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органға хабарлау.

Заң талаптары орындалмаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Айта кетейік, осыған дейін Daryn.оnline платформасының 4,2 млн қолданушысының дербес дерегі тарап кетуі мүмкін деген ақпаратты Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі тексеріп жатқаны туралы жазған едік. Кейіннен платформаның өзі бұл ақпаратты жоққа шығарған.