
Ақтөбеде электрлі велосипед мінген курьер қыз баланы қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған курьер ұсталды. Зардап шеккен мектеп оқуысы ауыр жарақат алды.
Әлеуметтік желілерде қыздың қан іздері бар фотосуреттері тарады. Жарияланған кадрлардан алдыңғы тістерінің де қатты зақымдалғанын байқауға болады.
«Ақтөбеде велосипед мінген курьер жоғары жылдамдықпен мектеп оқушысын қағып кетіп, оқиға орнынан кетіп қалған. Полиция бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттей отырып, курьерді іздестіруде», – делінген ақпаратта.
Ақтөбе қаласының полиция департаменті мәліметінше, 30 шілдеде Әбілқайыр хан даңғылында электрлі велосипед жүргізушісі велосипед мінген қыз баланы қағып кеткен.
«Оқиғадан кейін ер адам зардап шегушіге қажетті көмек көрсетпестен, оқиға орнынан кетіп қалған. Қағып кету салдарынан кәмелетке толмаған бала жарақат алды», – деп хабарлады полиция.
Қызметкерлер электрлі велосипед жүргізушісінің кім екенін анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Ол қаланың 58 жастағы тұрғыны болып шықты.
Қазіргі уақытта ЖКО фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда.