
Шомылу маусымы басталған 1 маусымнан бері Қазақстанда 102 адам суға батып қаза тапты. Оның 34-і – кәмелетке толмаған.
ТЖМ ақпаратына қарағанда, өткен жылдың осы кезеңінде 88 адам, оның ішінде 28 бала суға кеткен болатын.
Өкінішке қарай, суға бату салдарынан болатын өлім-жітімнің 85%-ы шомылуға рұқсат етілмеген әрі арнайы жабдықталмаған су айдындарында тіркеледі.
«Адамдардың қауіпті су айдындарында қаза болу қаупін азайту мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және еріктілер ұйымдарының күшімен судағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын бақылау үшін 39 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізілді. Ережені бұзған 1 995 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 26 миллион теңгеден астам айыппұл салынды», – делінген министрліктің ақпаратында,
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күзетілмейтін су айдындарында ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелері 233 мобильді құтқару тобын қосымша орналастырған. Сондай-ақ елімізде 52 құтқару станциясы жұмыс істеп тұр.
Ал жыл басынан бері 169 баланың терезеден құлап кеткені белгілі болды.