
Шетел азаматтарына арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарламасы аясындағы конкурстық іріктеу аяқталды. Байқау қорытындысы бойынша 550 шетел азаматы білім грантының иегері атанды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Бағдарлама 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Мақсаты – халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ дарынды шетелдік жастарды Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға тарту.
2026 жылы бағдарлама шеңберінде:
Бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға – 490 білім беру гранты;
Магистратура бағдарламалары бойынша оқуға – 50 грант;
Докторантура бағдарламалары бойынша оқуға – 10 грант бөлінді.
Конкурстық іріктеуге әлемнің 71 елінен 16 098 үміткер қатысты. Қатысушылардың едәуір бөлігін Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері – қандастар құрады.
Бағдарламаны іске асыруға 886 білім беру бағдарламасын ұсынған Қазақстанның 27 жоғары оқу орны қатысады. Стипендия иегерлерінің басым бөлігі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, Astana IT University-де, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде және еліміздің басқа да жоғары оқу орындарында білім алады.
Бұған дейін министрлік алдағы оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінгенін мәлімдеді. Оның ішінде 75 371 грант – бакалавриатқа, 11 007 грант – магистратураға, 3 079 грант – докторантураға бөлінген.