
Қарағандыда еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері өртеніп жатқан пәтерден бес баланы құтқарып, ірі қайғылы оқиғаның алдын алды.
Polisia.kz хабарлауынша, оқиға 31 шілде күні қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Үйіне қайтып келе жатқан Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Дінмұхамет Сұлтан сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен қою түтін шығып жатқанын байқайды.
Полицей еш ойланбастан жоғары қабатқа көтеріліп, түтінге толған пәтерден бес баланы қауіпсіз жерге алып шыққан. Балалардың өміріне қауіп жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін ол қайтадан пәтерге кіріп, электр қуатын ажыратып, өрттің ұлғаюына себеп болуы мүмкін қысқа тұйықталудың алдын алған.
Кейін екі тұрғынмен бірге өрт сөндірушілер келгенге дейін асүйдегі жалынды сөндіруге көмектескен. Полицейдің жедел әрекетінің арқасында адам шығыны мен ірі өрттің алдын алу мүмкін болды.
Ерекше атап өтерлігі, Дінмұхамет Сұлтан бұл әрекетті қызметтік міндетін атқару кезінде емес, еңбек демалысында жүрген сәтінде жасаған. Оның ерлігі туралы көршілер полицияға хабарлап, балалардың өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс білдірген.
Айта кететін жайт, Оралда тоғыз қабатты үй өртеніп, 16 адам құтқарылған болатын.