
Қазақстан құрамасы информатикадан Еуропа жасөспірімдер олимпиадасында үш медаль және бір грамота алды. Жарысқа 25 елден жүзден астам оқушы қатысты.
Олимпиада Литваның Каунас қаласында 24-30 шілде аралығында өтті. Оған 16 жасқа дейінгі мектеп оқушылары қатысты. Жарыс дарынды балаларды бағдарламалау, алгоритмдеу және компьютерлік ғылымдар бағытындағы қабілеттерін дамытуға арналған.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстан намысын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың информатика пәнінен жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен жасақталған ұлттық құрама қорғады.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс және бір қола медаль, сонымен бірге бір мақтау грамотасын иеленді.
- Алтын медаль – Әлішер Еламан, Республикалық физика-математика мектебінің (Алматы) 8-сынып оқушысы;
- Күміс медаль – Әмір Белгімбаев, Республикалық физика-математика мектебінің (Алматы) 9-сынып оқушысы;
- Қола медаль – Ислам Ермұханов, Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
- Мақтау грамотасы – Санжар Жангелді, Қарағанды облыстық Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.
Ұлттық құраманы Темірлан Сатылханов пен Арман Исаев дайындады.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан құрамасы дәл осы олимпиадада 1 күміс және 3 қола медаль иеленген. Биыл қазақ оқушысы алтын алды.