Жаңалықтар

«Қазақстан барысы» атанған палуан Аягөз ауданының әкімі болды

Айбек Нұғымаров Аягөз ауданының әкімі атанды
Түйе палуан аудан басқарады / фото: Абай облысы әкімдігі

«Қазақстан барысы» атағын екі мәрте жеңіп алған палуан Айбек Нұғымаров Аягөз ауданының әкімі лауазымына тағайындалды. Абай облысының әкімі Берік Уәли жаңа басшыны жергілікті тұрғындарға таныстырды.

39 жастағы Нұғымаров Абай ауданындағы Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Семей қаласында қазақ күресі бөлімінде оқытушы-жаттықтырушы болып бастаған. Спорт мектептерінде нұсқаушы-әдіскер, қазақ күресінен жаттықтырушы-оқытушы болып еңбек еткен.

Ол қазақ күресінен бірнеше дүркін әлем чемпионы. 2013 және 2019 жылдары «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы атанды. Қазақ күресі мен самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Көпшілік оны түйе палуан ретінде жақсы таниды.

Кейінгі жылдары Нұғымаров әкімшілік қызметтер атқарып жүр. Сол үшін заңгер мамандығын меңгерген. Алты жыл бойы Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры болған. Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметтерін атқарған. Енді аудан әкімі атанып отыр.

Айта кетейік, бір күн бұрын экс-сенатор қайтадан аудан әкімі қызметін атқаруға кіріскен еді.