Жаңалықтар

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері анықталды

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері анықталды / Фото: Ақпарат министрлігі

Астанада «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау жөніндегі конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өтті. Іріктеу нәтижесі бойынша өз жобаларын іске асыруға мемлекеттік қолдау алатын 30 жеңімпаз анықталды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Комиссия мүшелеріне ілтипат білдірген премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастарды қолдау президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясатының стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты дарынды жас қазақстандықтарды қолдауға, олардың әлеуетін дамытуға және әлеуметтік маңызы бар әрі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасауға бағытталған.

«Жыл сайын байқаудың әрбір бағыты бойынша өтінімдер санының артқанын байқап отырмыз. Бұл жастардың жоғары белсенділігінің көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік қолдауға деген сенімнің және шешім қабылдаудың әділдігіне деген кәміл сенімнің айғағы. Тандап алынған әрбір жоба мақтанышымызға айналып, қазақстандық қоғамға нақты пайда әкелсін», – деді Аида Балаева.

Конкурстық комиссия құрамына ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, медиаменеджерлер, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері кірді. Вице-премьер комиссия мүшелеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, қабылданған шешімнің объективтілігіне сенім білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша байқаудың алты бағыты бойынша 30 жеңімпаз анықталды. Олардың әрқайсысы өз жобасын жүзеге асыру үшін 3 млн теңге көлемінде грант алады.

2026 жылы конкурсқа 2200-ден астам өтінім түсіп, оның 1745-і қарауға жіберілді. «Бизнес» бағыты бойынша 663 өтінім, «Ақпараттық технологиялар» — 383, «Ғылым» — 218, «Мәдениет» — 174, «Медиа» — 158 және «Волонтерлік» — 149 өтінім түсті. Бағдарлама жүзеге асырылған бүкіл кезең ішінде 153 жас қазақстандық грант иегері атанды. 2021 жылы 30 грант, 2022 жылы — 33, ал 2023–2026 жылдары жыл сайын 30 гранттан беріліп отырды.

2026 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі Астанада Халықаралық жастар күнін мерекелеу аясында өтеді.