
Қазақстанда әлеуметтік желілерде бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр.
Соңғы күндері Павлодар мен Ақтөбе облыстарында осындай екі жағдай тіркелді.
Павлодарда полиция әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында тікелей эфирде көлік тізгіндеп отырып, былапыт сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушіні анықтады. Ол – 26 жастағы қала тұрғыны Аслан Амантаев. Сот оны әкімшілік жауапкершілікке тартып, 20 тәулікке қамауға алды.
Ал Ақтөбе облысында TikTok пен Instagram желілерінде бейәдеп сөздер қолданған 38 жастағы Санат Нұртаевқа қатысты әкімшілік іс қозғалды. Полиция әлеуметтік желілер де қоғамдық кеңістік саналатынын, сондықтан интернеттегі әрекеттерге де заң талаптары толық қолданылатынын ескертті.
Алматы облысында 22 жастағы жұмыссыз тұрғыны Пшан Нұрсат Асылұлы да сот қаулысымен құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Сонымен қатар Астана қаласының соты қоғамдық орындарда немесе интернетте былапыт сөз айту әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын тағы бір мәрте еске салды.
Заңнамаға сәйкес, қоғамдық орындарға көшелер мен саябақтар ғана емес, азаматтар еркін кіре алатын қоғамдық кеңістіктер де жатады. Сондықтан тікелей эфирлерде және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарда да заң талаптарын сақтау міндетті.
Сондай-ақ, маусым айының басында танымал хип-хоп орындаушы, рэпер Нұрғиса Әнуарбеков сахнада былапыт сөз айтқаны үшін ұсталған-ды. Оны көпшілік Nurik Smit лақап атымен таниды.