
Нұрай Серікбайдың үлкен ағасы Дінмұхамед Серікбай сотқа келіп, қарындасының тұрмысқа шығу туралы жоспары болмағанын айтты.
«Нұрай 2026 жылдың жазында шет тілін меңгеріп, келешекте Еуропаға оқуға түскісі келді. Жалғыз қарындасым болғандықтан, бір-бірімізбен жақын болдық. Жоспарын бөлісіп, бәрін айтатын. Нұрайдың күйеуге шығу туралы ойы болған жоқ», – дейді ағасы.
Дінмұхамед Серікбай Нұрайды алып қашқан күнді еске алды. Сөзінше, Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайды алдап, Алматыдан Шымкентке алып барған.
«Нұрайға қыз-жігіт болып кездесейік деп ұсынған екен. Нұрай келіспеген. Үйлену туралы әңгіме болмаған. Кездесуге шақырған кезде ұят болмасын деп, бір кездесіп, не себепті мұндай шешім қабылдағанын түсіндірмек болған. Соны пайдаланып, телефонын тартып алып, үйіне алып келген», – дейді Дінмұхамед Серікбай.
Содан кейін Нұрай Серікбайдың әкесі мен ағасы сотталушы Шерхан Аймаханның әкесімен кездесіп, ұлының Нұрайдан аулақ жүруін талап еткен.
Бұған дейін Шымкент тұрғыны Индира Беркінбаева Нұрай Серікбайдың қандай жағдайда қайтыс болғанын айтып берді.
Нұрай Серікбайдың қазасы
Шымкентте 2026 жылдың 11 қаңтары кешке 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған:
- 125-1-бап – «некеге тұруға мәжбүрлеу»;
- 115-1-бап – «сталкинг»;
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – «аса қатыгездікпен адам өлтіру».
