
Жамбыл облысында полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі есірткіні тасымалдау дерегінің жолын кесті.
Қордай – Алматы автожолында жүргізілген жедел іс-шара барысында көлік тоқтатылды. Көлікті қызметтік ит Сэмнің көмегімен тексеру кезінде оның капотынан полиэтилен пакетке салынған шамамен 8,5 келі гашиш табылды.
Анықталғандай, 55 жастағы жүргізуші есірткіні Алматы қаласына алып бара жатқан. Тәркіленген заңсыз заттың қара нарықтағы құны шамамен 10 млн теңге деп бағаланды.
«Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде он мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін аса ірі көлемдегі есірткі заңсыз айналымға жіберілмей, дер кезінде тоқтатылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген полиция ақпаратында
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу және жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Айта кететін жайт, 1,8 млрд теңгеге есірткі сатқан күдікті Грузиядан экстрадицияланды.