
Алматыда 2025-2026 оқу жылында буллинг пен қысым көрсетуге қатысты 450-ге жуық өтініш түскен. Бұл туралы Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«2025-2026 оқу жылында **111 сенім телефонына және кеңес беру алаңына 6 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның шамамен 450-і буллинг пен қысым көрсету жағдайларына қатысты болды. Расталған фактілер бойынша бес заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Жанат Айтпаева.
Алайда басқарма басшысы 450 өтініштің нақты қаншасы расталғанын нақтылаған жоқ. Сондай-ақ ол қалада мектеп әкімшілігінен тәуелсіз, буллинг туралы хабарлауға арналған арнайы арна құру жоспары бар-жоғын айтпады.
Еске салайық, Қазақстанда мектептегі буллинг пен ересектердің оған тосқауыл қоя алмайтыны алғаш рет әдістемелік деңгейде зерттелді.
Айта кететін жайт, Оқу-ағарту министрлігі балаға буллинг жасалғаны туралы хабар 1 сағатта уәкілетті органдарға жіберілуге міндеттеді.