
Қазақстандағы Haval модельдік қатары жақын арада H6 кроссоверінің жаңа гибридті нұсқаларымен толығуы мүмкін. Бұл көлік құралы типін мақұлдау құжатындағы өзгерістерде көрсетілген.
Құжатта бұған дейінгі 1,5 және 2 литрлік қозғалтқышы бар нұсқалардан бөлек, енді параллельді-тізбекті жүйе бойынша жұмыс істейтін екі қосылатын гибридті нұсқа көрсетілген. Олар – алдыңғы жетекті және толық жетекті модельдер.
Екі бензин-электрлі көліктің де капот астында 150 ат күшін шығаратын GW4B15M индексіндегі 1,5 литрлік қозғалтқыш орналасқан. Ол кіріктірілген электр қозғалтқышы бар DHT гибридті жүйесімен бірге жұмыс істейді.
Ал толық жетекті нұсқада артқы осьте қосымша тағы бір электр қозғалтқышы орнатылады.
Көлік құралы типін мақұлдау құжатында гибридті күштік қондырғылардың жалпы қуаты көрсетілмеген. Алайда басқа экспорттық нарықтардағы осындай Haval H6 модельдері алдыңғы жетекті нұсқада 326 ат күшін, ал толық жетекті нұсқада 364 ат күшін шығарады.
Гибридті жүйе 19,1 кВт·сағ аккумулятордан қуат алады. Ол көлікке тек электр қуатымен 106 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді.
Бензин-электрлі Haval H6 моделінің Алматыдағы AMMKZ зауытында қашан құрастырыла бастайтыны және сатылымға қашан шығатыны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Haval H6 кроссоверінің қазіргі қарапайым нұсқалары дилерлерде арнайы ұсыныстарды есептемегенде 12,4 млн-нан 15,3 млн теңгеге дейінгі бағамен сатылып жатыр.
Еске салайық, Haval компаниясы жаңа H10 флагмандық кроссоверінің сатылымын бастады. 5,3 метрге дейін жететін гибридті жол талғамайтын көліктің тіпті бастапқы нұсқасына лазерлік қашықтықты анықтау (лидар) жүйесі енгізілген. Сондай-ақ көлік диагональ бағытта қозғала алатын Crab Walk режимімен жабдықталған.