
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысы тұрғындарын өңірдің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
«Қостанай – ырысы мол, ынтымағы жарасқан қастерлі өлке. Осы уақыт аралығында өңір өсіп-өркендеп, астықты аймаққа айналды. Береке мен бірліктің, келісім мен татулықтың алтын бесігі ретінде танылды», – деді президент.
Мемлекет басшысы облыстың төл тарихымыздағы орны ерекше екенін атап өтті.
«Бұл топырақтан Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин және басқа да тұғырлы тұлғалар шықты. Олар халыққа қалтқысыз қызмет етіп, ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша қазір аймақ экономикасы қарқынды дамып жатыр. Азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында өңір өркендеу жолына түсіп, көптеген жетістікке қол жетізіп келеді.
«Қостанай жұрты әрдайым ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Аймақ халқының наурыз айында өткен республикалық референдумға белсене қатысып, жаңа Конституцияны қолдап дауыс беруі – соның айқын көрінісі. Осы орайда, облысты көркейту үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да Заң мен Тәртіпті ту еткен Әділетті Қазақстанды құру жолында жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға белсене атсалыса бересіздер деп сенемін», – деді мемлекет басшысы.
Бұған дейін Тоқаевтың Ыстықкөлдегі «Баку» қонақүйінің ашылу салтанатына қатысқаны хабарланған.