
Ақмола облысы Сандықтау ауданының Петровка ауылында тұратын зейнеткер Татьяна Журавлева қателік салдарынан ресми түрде «қайтыс болды» деп тіркелген.
Halyqstan ақпаратына қарағанда, Астана қаласы әкімдігінің Көпбейінді медициналық орталығында басқа адамның өлімін тіркеу кезінде зейнеткердің ЖСН-і қате қолданылып, оның атына өлім туралы куәлік рәсімделген.
Осының салдарынан әйел екі айдан бері зейнетақысын ала алмай жүр. Жақындарының айтуынша, жалғыз табысынан айырылған зейнеткер азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алып, күнделікті шығындарын өтеуде қиындық көріп отыр.
Отбасының сөзінше, мәселені шешу үшін медициналық мекемеге бірнеше рет жүгінгенімен, әзірге нәтиже жоқ. Қоңырауларға жауап берілмейді немесе «күтіңіздер» деген жауаппен шектеледі.
Туыстары қызметтік тексеріс жүргізіп, деректердің қалай шатасқанын анықтауды, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды және зейнеткердің барлық құқықтарын, соның ішінде төленбей қалған зейнетақысын толық қалпына келтіруді талап етіп отыр.
Қазіргі уақытта зейнеткер мемлекеттік органдарға өзінің тірі екенін дәлелдеуге мәжбүр.
Айта кететін жайт, Жамбыл тұрғыны көлік құралын тіркеу туралы куәліктегі қатені түзетуді талап етіп, полиция департаментін сотқа беріп, жеңіп шықты.