Жаңалықтар

Ақтөбелік Грекияда 125 жылға сотталды

Фото: KursivMedia мұрағатынан

Ақтөбе тұрғыны Нұрхан Қадырова Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен Грекия түрмесінде отырған ұлы Рашид Қадыровқа көмек көрсетуді сұрады.

Бұл туралы Aktobetimes.kz хабарлады. Анасының айтуынша, 24 жастағы ұлы Түркиядағы жұмыс туралы Instagram-дағы хабарландыруға сеніп, халықаралық қылмыстық схеманың құрбаны болған.

Анасының сөзінше, Рашидке Түркияға ұшақ билеті алынып, туристерді моторлы қайықпен серуендету жұмысы ұсынылған. Алайда кейін оның заңсыз мигранттарды тасымалдауға тартылғаны белгілі болған. Ол Грекияда ұсталып, заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген айыппен 125 жылға бас бостандығынан айырылып, ірі көлемде айыппұл арқалаған.

Нұрхан Қадырова ұлының шетел тілін білмегенін, тергеу кезінде аудармашы болмағанын және құжаттарға қол қоюға мәжбүр болғанын айтады. Оның пікірінше, Рашид қылмысты ұйымдастырушы емес, тек делдалдардың құрбаны болған.

Әйелдің айтуынша, отбасы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне бірнеше рет жүгінгенімен, нақты көмек ала алмаған. Қазір Рашид екінші сот отырысын күтіп отыр.

Айта кететін жайт, 16 жыл бұрын есірткі сатқаны үшін сотталған келіншек Қырғызстанда ұсталды.