Жаңалықтар

Армения үкіметі отставкаға кетті

Фото: Karen Minasyan / AFP

Армения премьер-министрі Никол Пашинян ел үкіметінің отставкаға кеткенін мәлімдеді.

Interfax ақпаратына қарағанда, ол бұл шешімнің ел Конституциясының талаптарына сәйкес қабылданғанын айтқан.

«Бүгін Армения Ұлттық жиналысының тоғызыншы шақырылымының алғашқы отырысы басталды. Конституцияның 158-бабына сәйкес, жаңа парламент жұмысының алғашқы күні үкімет отставкаға кетеді. Осыған байланысты президенттің атына үкіметтің отставкасын қабылдау туралы өтінішке қол қойдым», – деді Пашинян бейнеүндеуінде.

Премьер-министрдің сөзінше, жаңа үкімет жасақталғанға дейін қазіргі министрлер кабинеті өз міндеттерін атқара береді.

Сонымен қатар Пашинян Конституцияның 149-бабына сәйкес президент парламенттегі көпшілік ұсынған кандидатураны дереу премьер-министр қызметіне тағайындайтынын айтты. Оның айтуынша, бүгін парламенттік көпшілік жаңа премьер-министр кандидатурасын ұсынып, тағайындау рәсімі өтеді.

14 маусымда жарияланған парламент сайлауының қорытындысына сәйкес, Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясы сайлаушылардың 49,7%-дан астамының дауысын жинап, жаңа үкіметті өз бетінше құру мүмкіндігіне ие болды.

Сайлауда кәсіпкер Самвел Карапетян жетекшілік ететін «Күшті Армения» партиясы шамамен 23,3%, ал Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарянның «Армения» блогы 9,9%-дан астам дауыс жинады.

Маусым айының басында Армениядағы парламент сайлауында Пашинян партиясы жеңіске жеткен болатын.