Жаңалықтар

Каспийдің толқыны бойжеткенді үрмелі шеңберімен қоса теңіз ортасына әкетпек болды

Каспий теңізі / фото: shutterstock
Каспий теңізі / фото: shutterstock

Маңғыстау облысында демалыс кезінде үрлемелі жүзу шеңберінде отырған 22 жастағы қызды жел теңізге шамамен 200 метрге дейін алып кеткен.

Lada.kz ақпаратына қарағанда, оны Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары аман-есен жағаға жеткізді.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 2 тамызда Жаңаөзен қаласынан шамамен 71 шақырым жерде орналасқан «Кендірлі» демалыс аймағында болған.

2004 жылы туған қыз үрлемелі жүзу шеңберімен демалып жүрген кезде теңізге ағып кеткен. Оқиға туралы хабар түскеннен кейін құтқарушылар дереу іздеу жұмыстарына кіріскен.

Құтқарушылар қызды тауып, жағаға аман жеткізді. Дәрігерлердің көмегі оған қажет болмаған.

ТЖД мамандары желді күні ашық су айдындарында үрлемелі шеңберлер мен матрастарды пайдаланудың қауіпті екенін ескертті. Сондай-ақ демалушыларды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және өз мүмкіндігін асыра бағаламауға шақырды.

ТЖМ ақпаратынша, биыл Қазақстанда 102 адам суға батып қайтыс болған, оның 34-і – кәмелет жасына толмағандар.