
Семейде құрылыс алаңынан – бұрынғы «Пищевик» стадионының аумағынан адам сүйектері табылды.
Abainews ақпаратына қарағанда, оны семейлік әйел кездейсоқ байқап қалған.
«Пищевик» стадионының аумағында спорт кешенін салу үшін жер қазу жұмыстары басталды. Бұрын бұл жерде ескі зират болған шығар. Нақты білмеймін. Бірақ жан-жағына адам сүйектері шашылып жатыр. Осындай жағдайда қайда жүгінуге болады?» – деп сауал тастаған еді жергілікті тұрғын.
Артынша құрылыс жұмыстары тоқтатылғаны белгілі болды.
«Әкімдік өкілдерінің көшпелі тексеруі барысында бұрынғы «Пищевик» стадионы аумағында жер қазу жұмыстары кезінде адам сүйектерінің қалдықтары табылғаны анықталды. Осыған байланысты аталған аумақтағы барлық жер қазу және құрылыс жұмыстары дереу тоқтатылд», – деп хабарлаған қала әкімдігі.
Әкімдіктің ақпаратынша, табылған деректі тіркеу үшін оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды. Анықталған сүйек қалдықтары тиісті сараптама жүргізіп, олардың шығу тегіне қатысты мән-жайларды анықтау үшін криминалистикалық қызмет мамандарына берілмек.
«Нысандағы жұмыстар қажетті процессуалдық іс-шаралар толық аяқталып, уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті рұқсаты алынғаннан кейін ғана қайта жалғасады», – делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кететін жайт, Павлодардан 10 ғасыр бұрын өмір сүрген адамдардың сүйегі табылды.