Жаңалықтар

Трамп Иранға жойқын соққы жасауды кейінге қалдырғанын мәлімдеді

shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жаңа соққы жасауды кейінге шегеру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл қадам Тегеранға келісім жасауға мүмкіндік беру үшін жасалған. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

Дональд Трамптың сөзінше, АҚШ қажет болған жағдайда Иранға «Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған әскери қуатпен» соққы беруге дайын. Алайда оның айтуынша, Иран мен Таяу Шығыстағы бірқатар ел Вашингтоннан шабуылды кейінге қалдыруды сұраған. Себебі тараптар ықтимал келісімнің негізгі шарттары бойынша ортақ мәмілеге келген.

«Әлемнің игілігі үшін және табысты әрі өркендеген Иранның сақталуы үшін, келісім мүмкіндігінше қысқа мерзімде жасалады деген шартпен шабуылды тоқтатуға келістім», – деп жазды Трамп.

Сондай-ақ ол Израильдің де мәселені дипломатиялық жолмен реттеу ұстанымын қолдайтынын айтты.

Таяу Шығыста әлі де шиеленіс күшті. Иран төңірегіндегі жағдай әлемдік мұнай нарығына және өңірдегі теңіз қатынасының қауіпсіздігіне ықпал етіп отыр.