
Атырауда той кортежiнің сегіз қатысушысы жол жүрісі қағидаларын дөрекі бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Оқиға әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның мәліметінше, заңбұзушылықтар 1 тамызда сағат 20:00 шамасында Әбілқайыр хан даңғылында болған. Volkswagen Polo және Lada Priora автокөліктерінің жүргізушілері мен жолаушылары жол жүрісі қауіпсіздігіне және басқа да қатысушыларға қауіп төндіретін әрекеттер жасаған.
Патрульдік полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқандардың барлығының жеке басын анықтады. Маневр жасау қағидаларын бұзғаны, белгіленген талаптарды бұза отырып автокөліктерді пайдаланғаны, қауіпсіздік белдіктерін тақпағаны және апаттық жағдай туғызғаны үшін сегіз адам жауапкершілікке тартылды.
Атырау облысының полиция департаменті той кортеждері мен басқа да бұқаралық шаралар кезінде жол жүру ережесін бұзу азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертті.