Жаңалықтар

Бір аптада 30 рет орман өртенді

өрт сөндірушілер
Жексенбі күні Ақмола облысында құрғақ шөп тұтанды / фото: Ақмола ТЖМ

26 шілде мен 2 тамыз аралығында республика бойынша 30 орман өрті тіркелді. Ал жексенбі күні бес мәрте орман өртенді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлайды.

2 тамызда «Іле-Алатау», «Баянауыл», «Катон-Қарағай» ұлттық парктері, сонымен бірге Ақмола облысында орман өртенді. «Катон-Қарағайдың» екі жерінде от тұтанған.

Өрт ошақтары ерте анықталған. Орман күзетінің қызметкерлері мен қажетті күштер, сонымен бірге арнайы техникалар жұмылдырылып, өрт сөндірілді.

Экология министрлігі өткен аптада жалпы 30 рет орман өртенгенін хабарлап отыр. Оның ішінде орман шаруашылығы мекемелерінде 21, орман қоры жерлерінде 9 өрт тіркелген.

Министрлік табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға кеңес береді.