Денсаулық сақтау министрлігі резидентураға қабылдаудың жаңа тәртібін түсіндірді

Елде резидентураға қабылдау тәртібі жаңарды. 2026 жылы резидентураға қабылдау алғаш рет бірыңғай электрондық платформа арқылы жүзеге асады деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Резидентураға қабылдау туралы шешімді енді адам емес, автоматтандырылған рейтингтеу жүйесі қабылдайды. Министрлік жаңашылдық барлық түлекке тең жағдай жасап, білім беру гранттарын бөлуді барынша ашық етеді деп отыр.
Конкурстық балл қалай саналады?
Кандидаттарды бағалау кезінде екі көрсеткіш тең үлесте ескеріледі:
- GPA – оқудың барлық кезеңіндегі академиялық үлгерім;
- тәуелсіз қорытынды аттестаттау (ТҚА) нәтижесі.
Министрлік мұндай тәсіл бір ғана емтиханда көрсетілген білім деңгейін емес, болашақ дәрігердің бүкіл оқу кезеңіндегі даярлық сапасын бағалауға мүмкіндік беретінін айтып отыр.
Сонымен қатар ведомство GPA жекелеген жоғары оқу орындарының түлектеріне артықшылық береді деген пікірді жоққа шығарды.
Мемлекеттік гранттар жеткілікті ме?
2024 жылдан бастап резидентурада білім алуға жыл сайын 2 500 мемлекеттік грант бөлінеді. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен де қаржыландыру жүзеге асырылады, сондай-ақ ақылы негізде білім алу мүмкіндігі сақталған. Нәтижесінде жыл сайын шамамен 3 500 жас дәрігер мемлекет қаражаты есебінен резидентурада оқуын жалғастырады.
Резидентураға түсе алмаған түлектер не істей алады?
Олар медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына, аудандық және ауылдық ауруханаларға еркін жұмысқа орналаса алады. Бүгінде бұл мекемелерде жас мамандарға сұраныс ерекше жоғары. Интернатураны аяқтағаннан кейін түлек дипломы бар дәрігер атанып, жұмыс істей алады.