Жаңалықтар

Иран Трамптың келіссөздер туралы сөзін жоққа шығарды

Иран и США
Иран Трамптың келіссөздер туралы сөзін жоққа шығарды / shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Иран дүйсенбі күні Америка Құрама Штаттарымен ешқандай келіссөздер жүргізіліп жатпағанын және қандай да бір кездесулер өткізу жоспарда жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жасалатын соққыны тоқтатқаннан кейін «Иранмен шұғыл, тікелей келіссөздер» жүріп жатқанын мәлімдеген болатын.

Өткен демалыс күндері Трамп соңғы бес ай бойы байқалған схеманы қайталады. Иранға «ауқымды шабуылдар жасау» жоспарын жариялап, бірақ соңғы сәтте одан бас тартты. 2 тамызда Трамп АҚШ Иранмен «келіссөздер форматында» диалог жүргізіп жатқанын мәлімдеп, олардың 3 тамызда басталатынына сендірді.

Саясаткер кездесуге кімдер қатысатынын және оның қайда өтетінін нақтыламады. Трамп, сонымен қатар, мәміле жасасу үшін соңғы мерзім белгілеуге ниетті емес екенін айтты.

Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Эсмаил Багаи бұл мәлімдемені теріске шығарып, Америка Құрама Штаттарымен ешқандай келіссөздер жүргізіліп жатпағанын және ешқандай кездесулер жоспарланбағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Иран жақын күндері шетелдік делегацияларды қабылдауды немесе шетелге келіссөз жүргізушілерді жіберуді жоспарлап отырған жоқ. Багаи қазіргі уақытта Иракқа діни зияратпен барған Сыртқы істер министрі Аббас Аракчиді қоспағанда, барлық ирандық келіссөз жүргізушілер елде екенін қосып өтті. Оның сөзіне қарағанда, қазір тек Ормаз бұғазын басқару мәселесі бойынша Оманмен ғана келіссөздер жүргізілуде.