
Басты рөлді Том Холланд сомдаған «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмі әлемдік прокатта бір аптада 927 млн доллар жинап кассалық рекорд орнатты. Бұл қаражаттың 355 млн доллары АҚШ пен Канада, ал 572 млн доллары халықаралық нарық, оның ішінде 121 млн доллары Қытайдан түскен деп жазады DW басылымы.
Аталған туынды Солтүстік Америкадағы 2026 жылдың ең табысты премьерасына айналды. Тізімнің басында «Кек алушылар: Финал» (2019) фильмі тұр. Бұл фильм жаңа туындыдан бары-жоғы 2 миллион долларға артық табыс көрген.
Сондай-ақ «Өрмекші-адам: Жаңа күн» Солтүстік Америкада коронавирус пандемиясы басталғалы бері тіркелген ең үздік бастапқы түсімді көрсетті.
Фильмнің бұл табысы, әсіресе, көрермендердің суперқаһармандар туралы кинодан жалыға бастағаны жайлы сөз болып жатқан тұста ерекше назар аудартады. Оған қарамастан, Өрмекші-адам Marvel әлеміндегі сұранысқа ие басты кейіпкерлердің бірі болып қала береді.
Киносыншылар мен көрермендер Питер Паркердің ішкі күйзелісін, жалғыздығын және айналасындағы адамдармен қайтадан жақындасуға деген ұмтылысын баяндайтын жаңа оқиғаны жоғары бағалады.