
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысының басталуына арналған телекөпірде сөз сөйледі.
Ақорда таратқан ресми мәліметке қарағанда, мемлекет басшысы телекөпір барысында көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екенін айтты. Президент «Бейнеу – Сексеуіл» бағытында 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жолдың құрылысы басталғанын жариялады.
«Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады», – дейді Тоқаев.
Оның айтуынша, жаңа жол Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Тоқаев оны «Арал – Каспий магистралі» деп атады.
Сонымен бірге президент жалпы ұзақтығы 774 шақырымдық «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдарын кеңейту, түбегейлі жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
«Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді», – деп түсіндірді мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, осы жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.