
Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен «Шу» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы аяқталады. Үкімет бұл мақсатқа Арнайы мемлекеттік қордан 2,9 млрд теңге бөлді.
Жаңа станцияның іске қосылуы жылыту маусымындағы газ тапшылығы мәселесін шешеді деп күтіліп отыр. Қазіргі уақытта ауданды газбен қамтамасыз ету Шу қаласынан 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан «Қордай» АГТС арқылы жүзеге асырылып жатыр, алайда оның қуаты өсіп жатқан тұтыну көлемін көтеруге есептелмеген.
Нысанның пайдалануға берілуі инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастап, тұрғын үй секторын, орталық қазандықты және кәсіпкерлік нысандарын үздіксіз газбен қамтамасыз етеді.
Тұтастай алғанда, бұл жоба Шу және Мойынқұм аудандарының 84 мың тұрғыны үшін тұрақты газ беруге кепілдік береді.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында 29 торап пен жабдықтар жиынтығы орнатылып, блоктар арасындағы коммуникацияларды қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Қызылорда қаласында жаңа емхана салуға қайтарылған активтер есебінен 6,5 млрд теңге бөлінген еді.