Жаңалықтар

«Жетінші арнада» Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар арасында дебат өтеді

5 тамыз күні Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығының» концерт залында Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялардың өкілдерімен телевизиялық дебат өтеді. Жоба «Жетінші арнаның» тікелей эфирінде 20:26-да басталады.

Дебат басталар алдында, сағат 18:30-дан, «Қазмедиа орталығының» холлында партия өкілдері өз жақтастарымен және БАҚ өкілдерімен кездеседі.

«Жетінші арнадағы» дебат білім беру саласының өзекті мәселелеріне арналады және дәстүрлі пікірсайыс форматынан өзгеше, көрерменнің белсенді қатысуына негізделген жаңа форматта ұйымдастырылады.

5 тамызда «Жетінші арнада» ауқымды телевизиялық дебат өтеді

Дебатқа Қазақстандағы жеті саяси партияның өкілдері қатысады:

  • «Әділет» партиясы – Рауан Кенжеханұлы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – Максұт Насибулов;
  • «Байтақ» партиясы – Аслан Байзаханов;
  • Қазақстан Халық партиясы – Бейбіт Құсайынов;
  • «Ауыл» партиясы – Шахмардан Байманов;
  • «Ақ жол» партиясы – Дулат Тастекеев;
  • Respublica партиясы – Мейрамгүл Мәдәлі;      

Пікірсайысты бес жүргізуші жүргізеді. Дебат төрт кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде жүргізушілер партия өкілдеріне олардың сайлауалды бағдарламаларына қатысты өзекті сұрақтар қояды. Сонымен қатар қатысушылар бір-біріне сұрақ қойып, ашық пікірталасқа қатысады. Әр қатысушының негізгі жауабына 2 минут, ал қарсылас партия өкілімен сөзсайысқа 1 минут 30 секунд беріледі.

Екінші кезеңде партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламаларында білім беру саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын таныстырып, әлеуметтік желілерден түскен сұрақтарға жауап береді. Бұл кезеңде негізгі жауапқа 2 минут, модератор сұрағына жауап беруге 1 минут 30 секунд қарастырылған.

Үшінші кезеңде сөз кезегі студиядағы көрерменге беріледі. Әр партия өкілі өзге партияның жақтасы қойған бір сұраққа жауап береді.

Төртінші, қорытынды кезеңде партия өкілдері сайлаушыларға арнап қорытынды үндеу жасап, өз ұстанымдарын түйіндейді. Әр қатысушының қорытынды сөзіне 2 минут уақыт бөлінеді.

Дебаттың басты ерекшеліктерінің бірі – көрерменнің интерактивті қатысуы. Қазақстандық қоғамдық даму институты «Жетінші арнаның» тапсырысы бойынша сауалнама жүргізеді. Эфирдегі QR-код арқылы көрермен «Сіз қай партияны қолдайсыз?» деген сұраққа онлайн дауыс бере алады. Дауыс беру нәтижелері тікелей эфир барысында жарияланып отырады. Оған қоса, 5 тамыз күні телеарнаның Instagram парақшасында жарияланатын посттағы пікірлер тікелей эфир кезінде экранның төменгі бөлігінде үздіксіз көрсетіліп отырады.

Дебат барысында партия өкілдері арнайы жеребе нәтижесіне сәйкес сөз сөйлейді. Жеребе дебаттан бір күн бұрын, 4 тамыз күні «Жетінші арнаның» қорытынды жаңалықтары кезінде (сағат 19:30) тікелей эфирде өтеді.

Теледебатты 5 тамыз күні сағат 20:26-да «Жетінші арнаның» тікелей эфирінен, сондай-ақ телеарнаның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан көре аласыз.

Тікелей эфир:

Facebook – https://www.facebook.com/tv7kz