Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде боғауыз сөз айтқан астаналық тұрғын бес тәулікке қамалды

Қамауға алынды
фото: kursiv.media

Қоғамдық орында боғауыз сөз айтып, оны әлеуметтік желіге жүктеген тұрғын бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полицияның хабарлауынша, әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында заңға қайшы мазмұндағы бейнежазба анықталған.

Тексеру барысында 26 жастағы Балташ Шыңғысханның қоғамдық орында видео түсіру кезінде былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны белгілі болды. Кейін ол аталған жазбаны Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялап, оны көпшілікке қолжетімді еткен.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жедел анықтады. Іс материалдарын қарау нәтижесінде ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Құқық қорғау органдары азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық орындарда ғана емес, әлеуметтік желілерде де әдеп нормаларын ұстануға шақырды.