
Әлеуметтік желіде Түркістан облысы, Жетісай ауданында өткен тойлардың бірінде түсірілген видео қызу талқыға түсіп жатыр. Жиында тілек айтуға шыққан ер адам дәстүрлі той форматын сынға алып, өнер иелерін «шайтанның азаншысы» деп атаған. Сонымен қатар әйелдер мен ер адамдарды бөлек отырғызу керегін айтып, өзінің радикалды көзқарасын көпшілікке таңуға тырысқан.
Тойда болған белгілі әнші Роза Әлқожа бейнежазбаны әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, сөздердің теріс ағым идеологиясына ұқсайтынын айтты. Әнші жергілікті әкімдік пен Дін істері агенттігі тарапынан оқиғаға құқықтық әрі идеологиялық баға берілуі керектігін атап өтті.
Ерлан Қариннің реакциясы
Қоғамды дүрліктірген оқиғаға президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де үн қосып, шұғыл реакция білдірді. Ол мұндай әрекеттер ұлттық болмысымыз бен заңнамамызға түбегейлі қайшы екенін айтты:
«Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосын желіден көріп қалдым. Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деп мәлімдеді Қарин.
Ерлан Қарин өз сөзінде өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюды асыра сілтеушілік деп бағалап, Қазақстанның әрдайым білім, ғылым, өнер мен мәдениетке басымдық беретінін жеткізді. Көпшілік алдында адамдарды алалау мен өз пікірін қасақана тықпалау жаңа қоғамдық этикаға мүлдем сыймайды.
Еске сала кетейік, Ерлан Қарин жақында Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.