Жаңалықтар

Алматыда шахматтан екі бірдей халықаралық жарыс басталды

Алматыда шахматтан екі бірдей халықаралық жарыс басталды / Фото: ҚШФ

Алматыда FIDE World University Team Chess Championship финалы мен Қазақстан және әлем жасөспірімдері арасындағы турнирдің шымылдығы түрілді. 4–9 тамыз аралығында өтетін интеллектуалды бәсекеде Оксфорд, Кембридж, Гарвард сияқты әлемнің 16 жетекші университетінің студенттері бақ сынайды.

Қазақстан шахмат федерациясының хабарлауынша, бұл чемпионатта ел намысын Қазақ ұлттық спорт университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Almaty Management University (AlmaU) командалары қорғайды.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахим турнирдің стратегиялық маңызын атап өтті. Сала басшыларының айтуынша, бұл жарыс тек медаль үшін бәсеке емес, студенттер арасындағы серіктестікті арттыратын және еліміздің адам капиталын дамытатын бірегей алаң.

Турнирдің басты деректері мен форматы:

  • Үздік фавориттер: Сен-Луис, Урал мемлекеттік тау-кен, Техас (Даллас) университеттері және Қазақ ұлттық спорт университеті рейтинг көшін бастап тұр.
  • Қазақстандық құрама көшбасшылары: Ұлттық спорт университеті сапында халықаралық гроссмейстер Қазыбек Нөгербек (2495), сондай-ақ халықаралық шеберлер Сәтбек Ахмединов, Арыстан Исанжулов және Меруерт Камалиденова өнер көрсетеді.
  • Жасөспірімдер бәсекесі: 4–5 тамызда 8–18 жас аралығындағы Қазақстан мен әлем жасөспірімдері рапид пен блицтен өзара мықтыны анықтайды. Матчтың жүлде қоры – 15 миллион теңге.

Ауқымды шараны FIDE, ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Жобаның бас серіктестері – Freedom компаниялар тобы мен «Шапағат» корпоративтік қоры.