
Алматыда жүргізілген тексеріс нәтижесінде төрт құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды, ал 350 компанияның лицензиясы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар құрылыс саласының 437 субъектісіне қатысты тиісті шаралар қабылданды.
Тексеру кезінде әлеуметтік нысандардың құрылысымен айналысатын мердігер ұйымдарға ерекше көңіл бөлінді.
Атап айтқанда:
- «SK BEST Spec Story KZ» ЖШС I санатты жобалауға арналған мемлекеттік лицензиясынан айырылды;
- «Отау-Құрмет» ЖШС және «ҚазҚСҒЗИ» АҚ ЕҰ ЖШС де лицензияларынан айырылды;
- «Сәулет Құрылыс Консалтингі» ЖШС лицензиясының жекелеген кіші түрінен айырылды.
Қалалық қала құрылысын бақылау басқармасы өз біліктілігін дәлелдей алатын, белгіленген талаптарды сақтайтын және құрылыс сапасын тиісті деңгейде қамтамасыз ететін компаниялар ғана жұмысын әрі қарай жалғастыра алатынын атап өтті.
Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша сегіз құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылған болатын. Олардың да басым бөлігі әлеуметтік нысандар құрылысымен айналысқан.
Бұған дейін де бірқатар құрылыс ұйымдарының, соның ішінде «Құрылысшы — ТБС» ЖШС, «AsiaMax» ЖШС, «СК 7 строй» ЖШС, «Аркада KZ» ЖШС және «Алатау сапа курылыс» ЖШС-нің лицензиялары тоқтатылғаны хабарланған еді.