Жаңалықтар

Алматыда жаңа стадионның құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды

фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласында УЕФА-ның ең жоғары IV санатындағы талаптарына толық сай келетін, 45 мың көрерменге арналған заманауи футбол стадионының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сәулетті нысан Құлжа және Талғар тасжолдарының бойындағы шамамен 32 гектар аумақта бой көтереді.

Жоба аясында негізгі футбол аренасы, жаттығу алаңы, спортшылар мен командаларға арналған бөлме, жанкүйерлер аймағы және іргелес аумақты кешенді көріктендіру жұмыстары қарастырылған. Стадион халықаралық деңгейдегі футбол матчтары мен ірі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.

Құрылыс қашан аяқталады?

Көрермендер мен қала тұрғындарының ыңғайлығы үшін нысанға іргелес жол инфрақұрылымы да қатар дамытылады. Бұл стадионға келіп-кетуді жеңілдетіп, көлік қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Алматы әкімдігінің мәліметінше, жаңа футбол аренасының құрылысы 2028 жылғы наурыз айында аяқталады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионның құрылысы аяқталған еді.