
Қазақстан көрші елдердің арасында базалық мөлшерлемесі ең жоғары мемлекет. Ұлттық банк 24 шілдеде мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендеткенімен, оның деңгейі әлі де 16,75%-ды құрайды.
Салыстырар болсақ, Ресей Орталық банкі де 24 шілдеде негізгі мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа қысқартып, 14%-ға түсірді. Ресей бас банкі негізгі инфляция көрсеткіштері баяулағанын және несие өсімі әлсірегенін атап өтті.
Қазақстан мен көрші елдердегі негізгі мөлшерлемелер
Орталық банктердің соңғы қабылдаған шешімдері. Көрсеткіштер жылдық пайызбен берілген.
Өзбекстанда мөлшерлеме Қазақстаннан төмен болғанымен, ақша-несие саясаты қатаң күйінде қалып отыр. Бұл елдің Орталық банкі 29 шілдедегі отырыста негізгі мөлшерлемені 14% деңгейінде қалдырды. Реттеуші инфляцияны орта мерзімді перспективада 5%-ға дейін төмендетуді көздейді.
Қырғызстан Ұлттық банкі 27 шілдедегі шешімімен есептік мөлшерлемені 12% деңгейінде сақтап қалды. Бұған дейін, 2026 жылғы ақпанда, мөлшерлеме 11%-дан 12%-ға көтерілген болатын.
Қытайдағы жағдай өзгеше. Елде Қазақстандағыдай бірыңғай базалық мөлшерлеменің орнына бірнеше бағдар қолданылады. Несиелердің негізгі бөлігіне әсер ететін бір жылдық LPR мөлшерлемесі шілдеде 3%, ал ипотекалық нарыққа бағдар болатын бес жылдық LPR 3,5% деңгейінде қалды.
Осылайша, қарастырылған елдер арасында ең жоғары көрсеткіш Қазақстанда — 16,75%. Одан кейін Ресей мен Өзбекстан – 14%, Қырғызстан – 12%, Қытайдың бір жылдық LPR мөлшерлемесі – 3%.
Жоғары базалық мөлшерлеме депозиттердің тартымдылығын арттырып, инфляцияны тежеуге көмектеседі. Бірақ сонымен қатар банктер үшін ақшаның құнын көтеріп, бизнес пен халыққа берілетін несиелердің арзандауын тежейді.
Түрікменстан графикаға енгізілген жоқ. Ол елдің ақша-несие жүйесінде мемлекеттік және бағытталған несиелеудің үлесі жоғары, ал өзге елдердің базалық мөлшерлемесімен тікелей салыстыруға болатын бірыңғай ашық көрсеткіші жарияланбайды. Халықаралық валюта қоры Түрікменстанға пайыздық мөлшерлемелерді ырықтандыруды ұсынған.