
Шымкент сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс қаралып жатыр. 4 тамыздағы сот отырысында марқұм қыздың әкесі мен сотталушының әкесі сөзге келіп қалды.
Сот залындағы жанжал
Марқұм Нұрайдың әкесі Бауыржан Сағымбек сотта қайғылы оқиғаға дейін бірнеше рет сотталушының әкесі Әлмахан Макеновке өтініш айтқанын мәлімдеді. Ол ұлы Шерханға сөзін өткізіп, Нұрайды мазалауын қоюына ықпал етуін сұраған.
Сотталушы Шерханның әкесі жастардың қарым-қатынасына араласа алмағанын айтты. Ал Нұрайдың әкесі оның кезінде көмектесуге уәде бергенін есіне салды.
«Ұят жоқ сенде. «Балам қызыңа жоламайды, уәде берем» дедің», – деді қыздың әкесі сотта.
«Сезіміне жауап бермеймін” деп сол кезде де айттым», – деп жауап берді Шерханның әкесі.
Нұрайды алып қашқан күн
Сотта сотталушы Шерхан Аймаханның анасы Айгүл Макеновадан да жауап алынды. Айтуынша, Нұрай келін болуға келісім берген, содан кейін ғана басына орамал таққан.
«Үйге кіріп, тамағын ішіп, қолхат жаздырып… Қасымбек Датқа ауылына барып келді. Өзі киініп келді. Нұрайдан «орамал жапсам бола ма?» деп екі рет сұрадым. Келіспесе салмайтын едік», – деді Шерханның анасы.
Айтуынша, Нұрай үйіне кетіп қалғаннан кейін Шерхан Аймахан бір рет өзіне суицид жасамақ болған.
«Бір-біріне ғашық болды ғой», – дейді Макенова.
Жәбірленуші тарап кей куәнің берген жауабына наразылық білдірді. Оның ішінде Нұрай Серікбайды «келін» деп атамауды талап етті.
Нұрай Серікбайдың қазасы
Шымкентте 2026 жылдың 11 қаңтары кешке 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті арада екі күн өткенде ұсталды.
Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған:
- 125-1-бап – «некеге тұруға мәжбүрлеу»;
- 115-1-бап – «сталкинг»;
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – «аса қатыгездікпен адам өлтіру».
Бұған дейінгі сот отырысында Нұрай Серікбайға қанша рет пышақ сұққаны және бірінші пышақтаған кезі туралы сұраққа жауап бере алмады.
