Жаңалықтар

Джеки Чан фильмінің түсірілімі енді Бакуде жалғасады

Джеки Чан фильм түсірілімінде / фото: Salem Entertaiment

Әйгілі актер Қазақстандағы түсірілімін аяқтап, Әзербайжан астанасы Бакуге табан тіреді. Енді бірнеше күн осы қалада түсірілім жалғасады деп жазады Қазақпарат.

Джеки Чан командасы фильм локациясы ретінде Нагор саябағы, Ичеришехер (Ескі қала), Субұрқақтар алаңы, Баку фуникулері, Жасыл театрды таңдап алған. Жобаға Қазақстанмен бірге Әзербайжан да қатысып жатыр. Ал фильм түсіріліміне Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі қолдау білдірген.

Айта кету керек, «Құдай сауыты: Ультиматум» фильмінің басты түсірілім алаңы Маңғыстау болды. Джеки Чан шілдеде Қазақстанға келіп, негізгі эпизодтарды түсіруге кірісті. Алматы түбіндегі Қаскелеңде де бірнеше кадрлер түсірілді.

«Құдай сауыты» алғаш рет 1986 жылы жарық көрді. Сол уақыттан бері үш фильмі шығып, танымал франшизаға айналды. Бұл картинаның желісі де бұрынғы фильмдерге ұқсайды, Джеки Чан басты рөлде ойнайды. Фильм келесі жылы жарыққа шығуы керек.