
Мемлекеттен миллиардтаған субсидия алатын Қазпошта былтыр таза пайдасын екі есе қысқартты. Бұл туралы Ұлттық пошта операторының 2025 жылғы қаржы нәтижесінде жазылған.
Таза пайда неге азайды
2025 жылы компанияның таза пайдасы 2024 жылмен салыстырғанда 60,1%-ға қысқарып, 223,3 млн теңгені құрады (2024 жылы 559,9 млн теңге пайда алған еді).
Компания 2025 жылы мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған ауқымды қолдауға ие болды: былтыр «Қазпоштаға» бөлінген мемлекеттік субсидия көлемі бірден 10 есе өсіп, 9,6 миллиард теңгеге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 935,9 миллион теңгені құраған еді.
Оған «Пошта туралы» заңға енгізілген өзгеріс себеп болған. Соған сәйкес, ұлттық оператордың ауыл-аймаққа қолма-қол ақша жеткізу қызметі үшін алған ақысы «мемлекеттік субсидия» қатарына жатқызылады.
Сонымен қатар елдің түпкір-түпкіріне хат, банк карточкасын, газет-журнал жеткізгені үшін мемлекеттен қаржы бөлінеді.
Негізгі операциялық бағыттар бойынша компания оң динамика көрсеткен. Почта қызметтерінен түскен түсім 41,2 млрд теңгеге дейін артса, (2024 жылы – 36,4 млрд теңге), қаржы қызметтері мен комиссиядан түскен табыс 21,7 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде, компанияның жедел қызметтерден тапқан жалпы түсімі 62,0 млрд теңгеден 67,6 млрд теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ пайыздық кірістер де едәуір артып, 52,0 млрд теңгеге жетті.
Дегенмен қаржы шығыны мен активтер құрылымында айтарлықтай өзгерістер орын алды. 2025 жылдың соңында «Қазпоштаның» жиынтық активтері 403,0 млрд теңгеден 362,4 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Бұл ең алдымен компанияның қолындағы ақшалай қаражат пен оның баламасы 268,7 млрд теңгеден 207,1 млрд теңгеге дейін азаюымен түсіндіріледі. Сонымен қатар клиенттердің шоттары мен депозиттеріндегі қалдықтар 290,0 млрд теңгеден 231,7 млрд теңгеге дейін қысқарды.
Даму және инвестициялық жобаларды қаржыландыру мақсатында компания 2025 жылы қарыз көп алған.
Қазпошта көп қарыз алды
Жыл ішінде облигация шығару арқылы 25,9 млрд теңге қаражат тартылса, жалғыз акционер «Самрұқ-Қазына» АҚ тарапынан 1,3 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген уақытша қаржылай көмек берілді.
Соның салдарынан ұзақ мерзімді қарыз көлемі 8,6 млрд теңгеден 29,8 млрд теңгеге дейін артқан. Тартылған міндеттемелер бойынша пайыздық шығын 43,4 млрд теңгені құрады. Яғни алған қарызы мен міндеттемесі компания кірісін «жеп қойған».
Қазақстанның барлық өңірінде логистикалық және қаржы қызметін ұсынатын ұлттық оператордың жалғыз акционері – «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Ал түпкі иесі – Қазақстан Республикасы Үкіметі.