Жаңалықтар

Өңдеу өнеркәсібі жарты жылда 16 трлн теңгеден астам өнім шығарды

Биыл 16 трлн теңгеден астам өнім өндірілді
Биыл 16 трлн теңгеден астам өнім өндірілді / Фото: shutterstock

2026 жылдың жарты жылдығында өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға өсті. 6 ай ішінде Қазақстанда құны 16 трлн теңгеден асатын өнім өндірілді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

Айтуынша, резеңке және пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, киім-кешек, тоқыма бұйымдары, автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер импортының көлемі азайды. Шикізаттық емес тауарлар экспорты 14,6% өсіп, шамамен 12 миллиард долларды құрады.

Экспорттың негізін металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары өнімдері құрайды. Министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі – реттелетін сатып алулар аясында отандық өндірушілердің тауарларын қолдау және ілгерілету. Мемлекеттік сатып алуларда 5323 позиция бойынша отандық тауарларды бірінші кезекте сатып алу қамтамасыз етілді.

Алғашқы жартыжылдықта мемлекеттік органдар 82 миллиард теңгеге 45 мыңнан астам келісімшарт жасасты.

«Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатқан қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаудың 16 шарасы аясында отандық өндірушілермен 3,8 мыңнан астам шарт жасалды. Оның ішінде 286 ұзақ мерзімді шарт бар.

Ал елдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытудың негізгі драйверлерінің бірі болып табылатын жер қойнауын пайдалану саласында 425 келісімшарт жасақталды.