Қоғам

«Өз еркіммен келдім деді»: полицияда Нұрайды видеоға түсірген тергеуші сотқа келді

Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сот өтіп жатыр/фото: Серікбай отбасының архиві

Шымкент сотында бұрынғы тергеуші Әбілғазы Артықбайдан куә ретінде жауап алынды. Ол 2025 жылдың күзінде Нұрай Серікбайды алып қашуға қатысты жағдайда тараптардан жауап алған. 

«Нұрай отырған бөлмеге жедел уәкіл екеуміз кірдік. Кейінгі үш айда қыз-жігіт болып кездесіп жүргенін, Алматыдан Шымкентке өз еркімен келгенін айтты. Үйде адам көп еді. Сол себепті екеуін Қаратау ауданы полиция басқармасына алып кеттім», – дейді куә.

Куәнің айтуынша, Нұрай некеге тұруға мәжбүрлеуге қатысты Шерхан Аймаханның үстінен арыз жазудан бас тартқан. Арыз-шағым жоқ екенін айтқан соң қызды видеоға түсіріп алған.

«Тек Нұрай мен Шерханнан жауап алдым. Нұрайдан екі рет жауап алынды. Нұрайды видеоға өзім түсірдім. Осындай жағдайда солай видеоға түсіріп аламыз», – деді бұрынғы тергеуші.

Содан кейін екеуіне үйлеріне кетуге рұқсат берген. Ертеңіне тергеушіге прокуратурадан хабарласып, мән-жайды сұраған. 

«2025 жылдың 7 не 8 қазаны тараптарды қайта шақырдым. Нұрайдың жанында әкесі болды. Екеуін прокурор қабылдады. Әкесінің жанында мән-жайды айтты. Нұрайды жалғыз алып қалып та, сұрақтар қойды. Шерханнан да мән-жайды сұрады», – дейді куә Артықбай.

Айта кетейік, Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін бірнеше полицей жұмыстан қуылды. Соның бірі – Әбілғазы Артықбай. Ол бұған дейін сұхбат беріп, оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан.