Жаңалықтар

Оралда дүкенге қарақшылық шабуыл жасалды

фото: Polisia.kz

Орал қаласында азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адам ұсталды.

Polisia.kz хабарлауынша, оқиға 30 шілде күні сағат 15:40 шамасында болған. Полицияның «102» арнасына белгісіз ер адамның бетперде киіп, сатушыны пышақпен қорқытып, кассадағы қолма-қол ақшаны алып кеткені туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері дүкен мен оған жақын аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбаларын жедел қарап, күдіктінің фотобейнесін анықтады. Осыдан кейін барлық патрульдік жасақтарға бағдар беріліп, іздестіру жұмыстары басталған.

Көп ұзамай күдікті қалың шөп арасында жасырынған жерінен табылды. Полиция мәліметінше, ұсталу кезінде ол қолындағы пышақпен тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткен. Соған қарамастан Орал қалалық полиция басқармасының қызметкерлері Еркебұлан Жұмақашев пен Берік Лұқпанов арнайы әдістерді қолданып, күдіктіні қолға түсірген.

Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Қазір 29 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ оның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Ал мұның алдында Алматы облысында жанармай құю бекетін тонағандар ұсталды.