Жаңалықтар

Қазақстан құс еті импортынан толық бас тартуды көздеп отыр

Қазақстан құс еті импортынан толық бас тартуды көздеп отыр
Қазақстан құс еті импортынан толық бас тартуды көздеп отыр / фото: shutterstock

Қазақстан ішкі нарықты отандық құс етімен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, еліміз жалпы алғанда ішкі қажеттілікті негізгі азық-түлік түрлері бойынша қамтамасыз етіп отыр. Базалық өнімдердің көпшілігі бойынша өзін-өзі қамту деңгейі 80%-дан асады.

Сонымен қатар, меншікті өндірісті ұлғайту және импорттың орнын толтыру есебінен құс еті, балық, қант, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері және алма бойынша қамтамасыз ету деңгейін 80%-дан асыру үшін мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Сүт саласының шикізат базасын нығайту үшін сүт-тауар фермаларын салуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жылына 500 мың тоннадан астам сүт өндіретін 95 ферма қаржыландырылды, оның 71-і қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін қуаты шамамен 100 мың тонна болатын тағы 19 ферманы іске қосу жоспарланып жатыр», деді Азат Сұлтанов.

Жүйелі жұмыстар етті құс шаруашылығында да жүргізіліп жатыр. Соңғы бес жылда өндіріс 58%-ға өсіп, импорт 25%-ға қысқарды, ал ішкі нарықтың отандық құс етімен қамтамасыз етілуі 58%-дан 78%-ға дейін артты.

Бұған дейін Сауда министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда қой етінің бағасы неліктен қымбаттап кеткенін айтып берген еді.