
Шымкент сотында Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін табылған пышақ көрсетілді. Алайда сотталушы Шерхан Аймахан пышақтың өзіне тиесілі болғанын нақты айта алмады.
Істі қарап жатқан судья Саммидин Темірәлиев сотталушыдан «2023 жылы Алматыда сатып алдым деген осы пышақ па?» деп сұрады. Аймахан «7 ай өтті, есімде жоқ» деп жауап берді.
Судья «3 жыл бойы өзіңізбен бірге алып жүрген пышақты қалай танымай қалдыңыз?» деп сұрады. Сотталушы сұраққа жауап бере алмады.
Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы қылмыстық істі тергеу барысында сотталушының денсаулығына жүргізілген сот-медициналық психиатриялық сараптама нәтижесін жариялады. Соған сәйкес, сотталушы қандай әрекет жасап жатқанын толық түсінген.
Нұрай Серікбайдың қазасы
Шымкентте 2026 жылдың 11 қаңтары кешке 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті арада екі күн өткенде ұсталды.
Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған:
- 125-1-бап – «некеге тұруға мәжбүрлеу»;
- 115-1-бап – «сталкинг»;
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – «аса қатыгездікпен адам өлтіру».
Бұған дейінгі сот отырысында Нұрай Серікбайға қанша рет пышақ сұққаны және бірінші пышақтаған кезі туралы сұраққа жауап бере алмады.