
Wildberries компаниясы платформаға тіркелген 88 мың сатушыға өтемақы төледі. Ол тек бірінші кезеңнің қорытындысы ғана. Екінші кезеңде 97 мың кәсіпкерге өтемақы берілді. Бүгін компания баспасөз қызметі осындай ақпарат таратты.
Өтемақыдан бөлек маркетплейс тауарды сақтау, логистика тарифін арзандатып, жеңілдіктерге субсидия бөлген.
Бірақ селлерлерге (онлайн саудамен айналысатын кәсіпкерлер – ред.) нақты қанша төлемақы берілгені көрсетілмеген. Компания хабарлауынша, «төтенше жағдайдың салдары толық бағаланғаннан кейін ғана компания өтемақы төлеудің келесі кезеңдері туралы шешім қабылдайды».
Wildberries-те қанша қазақстандық кәсіпкер тіркелген?
Компаниядан өтемақы алған кәсіпкерлер арасында қазақстандық сатушылар да бар, бірақ нақты саны белгісіз. Wildberries өкілдерінің сөзінше, 2025 жылдағы дерек бойынша платформада 120 мыңнан аса қазақстандық кәсіпкер тіркелген. Олардың ішінде зардап шеккен барлық сатушыға өтемақы төленген.
«Логистикалық нысандарда тауары зақымданған сатушыларға арналған барлық көмек пен өтемақы шаралары қазақстандық селлерлерге де толық көлемде қолданылады», – деп атап өтті Wildberries экожүйесі мен инновациясын дамытуға жауап беретін департамент директоры Евгений Этин.
Компания дерегінше, қолдау бағдарламасы кезең-кезеңмен жүргізіледі.
«Wildberries өкілдері іске қосылған қолдау төлемдері компанияда бар расталған деректер негізінде бірыңғай тәсілмен жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Қолдау шаралары ақпаратты өңдеу және салдарларды бағалау деңгейіне қарай кезең-кезеңімен іске қосылады», – деп жазылған маркетплейс баспасөз хабарламасында.
Бес рет шабуыл жасалды
Wildberries «төтенше жағдай» деп бағалаған оқиға украиналық дрондардың шабуылына байланысты.
Өткен айда компанияның Ресейдегі қоймаларына кемінде бес рет шабуыл жасалды. Бірнеше нысанда жұмысшылар қайтыс болып, ондаған адам жараланған. Шабуыл салдарынан Wildberries-тің логистикалық инфрақұрылымның жұмысы да бұзылды.
25 шілдеде компания зардап шеккен шағын және орта бизнес сатушыларына несие бойынша үш айлық жеңілдік берілетінін хабарлады.
Осы айда компания иесі Татьяна Ким шабуыл салдарынан Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Армения, Өзбекстан және Қытайдың ондаған мың кәсіпкері миллиардтаған теңге шығынға батқан деп мәлімдеді.
Тұрақсыз жағдайға байланысты сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қазақстандықтарға онлайн сауда үшін отандық маркетплейстерді таңдауға кеңес берген еді.