
Түркістан облысында той үстінде «уағыз» айтқан ер адам қамауға алынды. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұған дейін Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынына діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Министрлік Конституцияның 1-бабында елдің зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екені, ал адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар екені бекітілгеніне сілтеме жасаған.
Ал 16-бапта заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, жынысына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға байланысты кез келген кемсітуге тыйым салынады деп жазылған.
«Адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын не қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемелерге заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп ескертті министрлік.
Желіні шулатқан оқиға Түркістан облысы, Жетісай ауданында өткен тойдың бірінде болған. Ортаға тілек айтуға шыққан ер адам тойдың өтуін сынға алып, ән салуға келген әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атаған. Тіпті әйелдерді ұрғашы деп атап, ер мен әйел бөлек отыруы керек деген.