Жаңалықтар

Айнұр Асанбердіге подкастқа барған Дарын Мұбаровтың сұхбаты тексеріледі

фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Журналист Айнұр Асанберді мен уағызшы Дарын Мұбаровтың подкасты тексерілмек. Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы осындай мәлімдеме жасады.

Мәселенің мән-жайы

Журналист Айнұр Асанберді 31 шілдеде ютуб арнасына «Сізге уағыз айтуға тыйым салынды. Енді не істейсіз?» деген тақырыппен кезекті подкасын шығарды. Қонағы – уағызшы, дінтанушы Дарын Мұбаров. Екі жарым сағатқа созылған сұхбатта Мұбаров соңғы жылдары әлеуметтік желіден жоғалып кеткені, уағыз айтуға тыйым салғаны туралы айтады. Ұлттық дәстүрге көзқарасын білдіреді. Журналист көп әйел алғаны туралы да сұрайды.

Осы уақытқа дейін 73 мың рет көріліп, мыңдаған адам пікір қалдырған. Подкаст жарияланғаннан бес күннен кейін Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы Мұбаровты тіркеусіз діни миссионерлікпен айналысты деп мәлімдеп, сұхбатты тексеріп, құқықтық баға беретінін хабарлады. Ведомство дерегінше, подкаст шықпас бұрын ескерту берілген көрінеді.

«Мониторинг барысында Айнұр Асенбердінің 31.07.2026 жылы youtube парақшасында ҚР аумағында тіркеусіз діни миссионерлікпен айналысқан Дарын Мубаровпен түсірген подкасы анықталған. Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы тарапынан хабарландыру болғанына қарамастан әлеуметтік желілерде бұл подкастты жариялаған. Аталған материал бойынша құқықтық баға беріледі және діни заңнаманы бұзу анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады», – деп жазылған хабарламада.

«Уағыз айтылған жоқ»

Бұл жағдайға журналистің өзі де пікір білдірді. Ол сұхбатта еш уағыз айтылмаған деп ақталады.

«Әзірге материал экспертизаға жіберілді. Сұхбатқа айыппұл салуы немесе оны өшіру туралы шешім қабылдауы мүмкін. Алайда бұл сұхбатта еш уағыз айтылмаған және Дарын Мұбаровты дәріптеу де жоқ. Керісінше, қоғамда тараған алып-қашпа сөздерге қатысты түсініктеме беріліп, неге уағыз айтуға белгілі бір шектеулер қойылғаны заң аясында түсіндірілген», – дейді ол.

Еске салайық, осы жылы көктемде Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы Мұбаровты әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салған. Оны діни мазмұндағы материалдарды заңсыз таратты деп айыптады.