Жаңалықтар

Алматы тауларында үстіне тас құлаған турист ауруханаға жеткізілді

Тауда үстіне тас құлаған туристі құтқару
Тау шатқалында қиын жағдайға ұшыраған турист құтқарылды / фото: ТЖМ

Құтқарушылар Талғар шатқалында үстіне тас құлап, зардап шеккен туриске көмек көрсетті. Ол ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

Алматы тауларында бір адамға шұғыл көмек қажет екені туралы хабар түскен сәттен-ақ құтқарушылар шатқалға аттанды. Олар зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жағдайын ауыр деп бағалады.

Құтқарушылар өздігімен жүре алмайтын туристі күрделі таулы жерлер арқылы Кіші Талғар асуына қарай тасымалдады. Жолда оларға Алматы қаласы альпинизм федерациясының еріктілері қосылды. Бірлескен жұмыс арқасында эвакуация жұмыстары «Шымбұлақ» тау курортына дейін жалғасты.

Одан әрі зардап шегуші қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.

Бір күн бұрын құтқарушылар науқас баланы Қаражалдан Қарағандыға тікұшақпен жеткізген.