Жаңалықтар

Ақтауда жасөспірімдер мектеп оқушысын соққыға жығып, видео түсірген

shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ақтауда екі жасөспірім мектеп оқушысын соққыға жығып, болған оқиғаны видеоға түсірген.

Kriminal Kazakhstan ақпаратына қарағанда, оны басқа жасөспірімге қорқыту мақсатында жіберген. Бұл туралы зардап шеккен баланың туыстары мәлімдеді.

Отбасының айтуынша, оқиға таңертең болған. Дүкенге шыққан мектеп оқушысын шамамен 16–17 жастағы екі жасөспірім тоқтатып, үйден басқа бір баланы сыртқа шығарып беруді талап еткен.

Жәбірленуші бұл талаптан бас тартқаннан кейін, күдіктілер оны соққыға жыққан. Кейін болған жайтты жәбірленушінің телефонына түсіріп, видеоны әлгі балаға «Егер шықпасаң, досыңды осылай ұрамыз» деген мазмұндағы қоқан-лоққымен жіберген.

Туыстарының сөзінше, оқиғадан кейін күдікті жасөспірімдер ата-аналарымен бірге учаскелік полиция бөліміне жеткізілген. Олар өз әрекеттерін жоққа шығармаған әрі полицейлердің көзінше де өзін дөрекі ұстаған.

Соққыға жығылған оқушы ауруханаға жатқызылды.

Жәбірленушінің жақындары құқық қорғау органдарынан оқиғаға жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізіп, күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады.

Айта кететін жайт, Алматы полицейлері тұрғын үй кешендерінің бірінің аумағында балаға күш қолданған ер адамды ұстап, қамауға алған болатын.