Жаңалықтар

Ақтөбе облысында жаңа су құбырын салуға 5 млрд теңге бөлінді

Ақтөбедегі жаңа су құбырына қайтарылған активтер есебінен 5 млрд теңге бөлінді
Ақтөбеге қайтарылған активтер есебінен 5 млрд теңге бөлінді / фото: kursiv.media

Ақтөбе облысындағы Сарыбұлақ жер асты сулары кен орнынан су құбырын салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағынаудандарын тұрақты ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сарыбұлақ кен орны облыс орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан. Жоба аясында мұнда 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланып, қажетті инфрақұрылыммен жабдықталады.

Сондай-ақ топтық су құбыры салынып, желілер тұрғын үй алаптарына дейін жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Ақтөбе қаласының тұрғындары, сондай-ақ Алға және Мұғалжар аудандарындағы елдімекендерге тәулігіне қосымша 70 мың текше метрге дейін ауызсу беріледі.

Сарыбұлақ кен орнының барланған қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тұрақты ауызсумен қамтамасыз етуге жеткілікті.

Жалпы 2024-2026 жылдар аралығында Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Үкімет жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады.

Бұған дейін қайтарылған активтер есебінен Жамбыл облысы тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге 2,9 млрд теңге бөлінді.